$ 487.37  532.94  5.09

Кентауда әлеуметтік желіде пікір жазған адамды балталап кетті

Исламбек Мырзахметтің ауруханаға түсіп, емделгенін облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Түркістан облысы Кентау қаласында Instagram-дағы газ құбырын арзан бағаға тарту туралы хабарламаға пікір жазған 21 жастағы Исламбек Мырзахметтің денесін бірнеше жерінен балталаған.

«Көп қан жоғалттым»

Исламбек Мырзахметтің Orda.kz тілшісіне айтуынша, Кентаудағы «Газ-Құбыры-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Instagram-да қала тұрғындарына газ құбырын арзан бағада тарту жөнінде видео жарнама таратқан. Онда серіктестіктің директоры Жандос Сабыров сөйлеген.

«Газ құбырын тарту бағасы арзан деп халықты шақырмақшы болды. «Айтқаң бағаңа тартатын құбырдың өзін сатып ала алмайсың, халықты алдама» деген мазмұнда жарнаманың астына пікір жаздым. Сенбі күні кешке Жандос хабарласты. Дүйсенбі жұмыста боламын дедім. Дүйсенбі жұмысқа екі адам болып келді. Жандосты танып тұрмын. Екінші адам көзілдірік пен бетіне маска тағып алыпты. Екінші адам мені ұстап, Жандос асхана балтасымен басымды, арқамды, аяқ-қолымды ұра бастады. Көп қан жоғалттым», - дейді Исламбек Мырзахмет.

Оларды жұмыста көрші отырған адамдар ажыратқан. Жедел жәрдем келіп, қансырап жатқан Исламбекті қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізген. Дәрігерлер кесілген оң қолының қан тамырына ота жасаған.

Исламбек Мырзахметтің ауруханаға түсіп, емделгенін облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Қалалық аурухананың медициналық анықтамасына қарағанда, Исламбек Мырзахметтің оң білегі кесіліп, қан тамыры зақымданған. Бірақ онда басы, арқасы мен аяқ-қолындағы жарақаты көрсетілмеген.

«Іс әкімшілік кодекспен тіркелді»

Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға туралы Кентау қалалық полиция бөліміне ауруханадан хабар түскен. Онда оң қолы кесіліп, қан тамыры зақымданған ер адам туралы жазылған. Жәбірленуші арыз түсіріп, мән-жайды айтқан.

«Қазіргі таңда сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша шешім қабылданады» делінген полиция хабарламасында.

Десе де Исламбек күндіз жұмыс орнында өзін балтамен ұрып кеткен адамдар жазасыз қала ма деп алаңдайды. Оның пікірінше, бұл әрекет «адамның денсаулығына қасақана зақым келтіру». Ол полиция мұны қылмыстық емес, әкімшілік іс ретінде қарап, айыппұл салумен шектеле ме деп алаңдайды.

«Мұны әкімшілік іс деп қарауға келіспеймін. Полиция жұмысына көңілім толмайтыны балтамен ұрып, өміріме қауіп төндірген Жандос әлі бостандықта жүр. Ал мен ауруханадан шыққаныммен денсаулығым жұмыс істеуге жарамай қалды. Денемнің әр жерінде жарақаттың ізі қалып жатыр. Жазған арызыма байланысты полицияның арнайы базасынан кірдім. Онда іс әкімшілік кодекспен тіркелген» дейді Исламбек Мырзахмет.

Orda.kz «балтамен ұрды» деген «Газ-Құбыры-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жандос Сабыровтан мән-жайды сұрамақ болды. Алайта телефон тұтқасын көтерген, өзінің кім екенін таныстырмаған адам Сабыровпен сөйлесу мүмкін емес екенін, оның демалысқа шыққанын айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Кентау