Жаңалықтар 22.09.2022 сағат 17:00

«Химикаттан уланған»: Солтүстік Қазақстанда бір отар қой қырылып қалды

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ.
«Химикаттан уланған»: Солтүстік Қазақстанда бір отар қой қырылып қалды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Солтүстік Қазақстан облысында қойма маңында жайылып жүрген бір отар қой қырылып қалды. Келеңсіз оқиға Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылында тіркелді.

Ауыл халқының малы «Асыл Логистикс» серіктестігінің қарамағындағы қойманың маңында жайылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол жерде түрлі химиялық заттар төгілген. Мал оны ішіп қойған.

Қырылып қалған мал жойылды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Улы химикаттар сақталатын үлкен ыдыстар Новопокровка ауылында да бар. Сондықтан тұрғындар мұндай оқиға әлі де қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. Аталған ыдыстар көлден 100 метрдей жерде ғана орналасқан. Бұған дейін де бірнеше қой қырылып қалған.

«Үш жыл бұрын қойымыз қырылып қалған. Жерге түрлі химикаттарды төге береді. Маңайдағының барлығы күйіп қалады. Шаруашылықты ешкім жазалап жатқан жоқ. Бұл заттар қойды өлтіріп жатса, адам денсаулығы мен өмірі үшін де қауіпті екені айтпаса да түсінікті», - дейді ауыл тұрғыны.

Алынған сараптаманың алдын-ала қорытындысы шығарылды. Мамандар малдың уланып қалғанына күмән келтірмейді. 

Аудан басшылығы серіктестік шығынға ұшыраған малды өтеп беретіндігін жеткізді. Химикаттың ашық жерге төгілуі экологияға да зиян келтіргенін атап өткен жөн. Новопокровка ауылындағы Экология департаментінің мамандары тексеріс жүргізген. Нәтижесінде сұйық тыңайтқыштарды сақтау кезінде экологиялық талап нормалары сақталмағаны, экологиялық сараптама жасалмағаны анықталды.

«Серіктестікке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 324-бабы («қоршаған ортаны қорғау жөнiндегiсанитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу»), 332-бабы («мемлекеттiк экологиялық сараптаманы мiндеттi түрде жүргізу туралы талаптарын орындамау») бойынша хаттама толтырылып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», - делінген Экология департаменті жолдаған ақпаратта.

Azattyq Ruhy

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар