$ 494.87  520.65  4.91

«Қызын зорламақ болған». Алматылық келіншек бұрынғы күйеуін пышақтап тастады

Сіңлісінің айтуынша, өз қызын қорғамақ болған ананың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жауап алу кезінде қызы әкесі үстіне жалаңаш шығып алғанын растапты.

Алматыда жантүршігерлік оқиға болды. Келіншек үйіне ішіп алып келген бұрынғы күйеуін ашу үстінде пышақтап тастаған. Ер кісі алдымен бұрынғы әйелін, кейін 6 жасар қызын зорламақ болған көрінеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы "Не молчи" қорына келіншектің сіңлісі көмек сұрап хат жазған. Оның хатын қор басшысы Дина Таңсәрі Facebook-тегі парақшасына жариялады.

Оқиға 12 қыркүйек күні болған. Келіншектің Шымкентте тұратын бұрынғы күйеуі 1-сыныпта оқитын қызына киім-кешек сатып алып беруге көмектесетінін айтып Алматыға барған. Жазбаға сенсек, ер кісі бұрынғы әйелінің үйіне спирттік ішімдік ішіп келген. Онымен қоймай дүкеннен арақ әкеліп, үйде ішуді жалғастырған көрінеді. Кейін шешініп, келіншекті шашынан сүйреп жуынатын бөлмеге апарған.

"Сол жерде онымен еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен. Бірақ әпкем қарсылық танытып, еркек қалаған ойын аяғына дейін жеткізе алмай шығып кеткен. Көз-жасын балаларына көрсеткісі келмеген әпкем жуынып шыққанда, бұрынғы күйеуі тыр жалаңаш 6 жасар қызының үстінде жатқан. Қыздың беті мен шашын сипап, бұтындағы киімін шешпек болады. Анасы араша түскенде бұрынғы күйеуі аяғымен теуіп, боқтаған. Әпкем ол өзінің туған қызы екенін айтып, үйден кетуін өтінген. Бірақ ішімдікке сылқиған еркек қызына ары қарай тиісе берген. Осы кезде қызын құтқармақ болған әпкем пышақты оның арқа тұсына сұғып алыпты. Бұрынғы күйеуі оны (әпкесін — ред) және балаларды өлтіретінін айтқан. Шарасыз күй кешкен бауырым тағы бір рет арқасына сұғып, кейін ішін пышақтаған", — делінген хатта.

Сіңлісінің айтуынша, өз қызын қорғамақ болған ананың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жауап алу кезінде қызы әкесі үстіне жалаңаш шығып алғанын растапты.

"Мыңдаған әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Менің әпкем солардың бірін тоқтатты. Ол сол үшін түрмеге қамалуы керек пе? Әділдік қайда? Тергеуші жауап алу хаттамасын неге бірнеше рет өзгертті? Зорлау әрекеті бойынша іс қозғалмаған. Әпкем қазір үйқамақта. Үстінен Қылмыстық кодекстің 106-бабымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) іс қозғалды. Ол ешқандай да күдікті емес, жәбірленуші. Қызын қорғамақ болды", — деп жазылған хатта.

Дина Таңсәрі бұрынғы күйеуіне пышақ сұққан келіншек білікті адвокатқа мұқтаж екенін атап өткен.

Қоғам наразылығын тудырған оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті пікір білдірді. Ондағылар Гагарин көшесі бойындағы үйден пышақ жарақатын алған адам туралы хабар келіп түскенін растады. Оқиға орнына тәртіп сақшылары келіп жеткенде ер кісі еденде жатқан. Жедел жәрдем қызметі оны ауруханаға алып кеткен. Пышақ ер кісінің бауыры мен тік ішегін зақымдапты.

"Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жауап алу кезінде әйел мас күйдегі бұрынғы күйеуімен жанжалдасып, артынша пышақтағанын айтты. Балаларын оқиға болмай тұрып басқа бөлмеге қамап қойғанын атап өтті. Қызын зорламақ болғаны туралы арыз түскен жоқ", — делінген Полиция департаментінің ақпаратында.

Тергеу сотының санкциясымен әйелге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Күдіктінің уәждерін тексеру және объективті деректерді анықтау мақсатында бірқатар тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалған.

Кешенді тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданып, құқықтық баға берілуі тиіс.

Полицейлер азаматтарды Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігінің (Көрінеу жалған ақпарат тарату) талаптарын сақтауға шақырады.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес іс бойынша өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары