$ 494.87  520.65  4.91

«Үкімет неге ресейліктерді жарылқап жатыр» – министрлер қоғам наразылығына не деп жауап берді

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, «үкімет ешкімді жарылқап отырған жоқ».

Үкіметтің бүгінгі кулуарында журналистер кабмин мүшелерін біраз «терлетті». Даудың басы күні кеше премьер-министр Әлихан Смайыловтың «Қазақстанға қашқан ресейліктерді уақытша тіркеп, оларды жұмыспен қамту жөнінде берген» тапсырмасынан шыққан. Журналистер министрлерден онсыз да Қазақстанда әлеуметтік мәселелер ушығып тұрған кезде шетелдіктерді жарылқап жатқанын сұрап көрді, деп жазады ulysmedia.kz.

«Студенттер далада түнеп, қымбатшылық күннен-күнге үдеп бара жатқан кезде, елде әлеуметтік мәселелер ушығып тұрған уақытта Ресейден келгендерді жарылқаған дұрыс па? Бұл әрекеттеріңіз ұлттық мүдддеге қайшы емес пе?» - деп сұрады журналистер министрлерден.

Бұл сұраққа жауап берген вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «үкімет ешкімді жарылқап отырған жоқ» деп жауап берді.

«Премьер-министр өз сөзінде бұл туралы нақты айтып өтті ғой. Біз барлық мәселені заң аясында шешуіміз керек. Тағы да қайталап өтем: ІІМ тарапынан арнайы мәлімдеме болды. Қазір барлық фактілер тексеріледі. Келіп жатқан адамдардың нақты саны және қандай мақсатта келіп жатқаны, қаншалықты экономикаға қысым болатыны қаралады», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұл сұрақ жан-жақты сипатта Жамаубаевқа бірнеше рет қойылған. Алайда бұл үдеріс «ұлттық мүддеге қайшы келмейді» деген сипатта жауап берді.

Ал ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның ұстанымы халықаралық міндеттемелер шеңберінде болатынын атап өтті.

«Біз бекітілген заңнамаға сәйкес, жұмыс істеп жатырмыз. Олар келгенде 90 күнге осында болуға құқығы бар», - деді ол.

Әлібек Қуантыров «бұл үдеріс ұлттық мүддеге қайшы емес пе?» деген сұраққа «қайшы емес» деп жауап берсе де, «тәуекелдер барын» жасырған жоқ.

Ал вице-премьер – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин кейінгі жылдары Қазақстан осындай тосын проблемалармен жиі бетпе-бет келіп жатқанын айтты.

«Бұл мәселе жақсы ма, жаман ба – біржақты жауап айту қиын. Мен Өзбекстанда болған кезде ол жаққа да көп адам көшіп барғанын көрдім. Ол жақта да сезіледі. Адамдардың шекесі қызғаннан солай көшіп жүрген жоқ. Қырғызстанда, Грузияда, Арменияда да бар. Сол себепті біздің азаматтардың өмірі қиындап кетпес үшін біз тепе-теңдікті бақылап отырамыз», - деді ол.

Серік Жұманғариннің айтуына қарағанда, келіп жатқандардың көбі транзит арқылы басқа елге кетеді.

«Сол себепті жағдайды бақылауға алып, дүрбелең туғызбау керек. Азық-түлік бағасының қымбаттауын әзірге тіркеп жатқан жоқпыз. Мониторинг жүргізіп жатырмыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, премьер-министр Әлихан Смайылов кеше көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, онда Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланған болатын. Смайылов сот отырыста үкімет мүшелеріне Ресейден қашқандарды «уақтылы тіркеп, оларға жұмыс тауып беруді» тапсырған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары