Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумы жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл аталған іс-шара «Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде қалыптасуда» тақырыбында өтіп жатыр.
Форум аясында технопарктер және ІТ-мектептер көрмесі, ІТ-стартаптар аллеясы, ІТ-вакансиялар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle жарысы, VR, GameDev және түрлі тақырыптық сессиялар өтеді.
Digital Bridge - жыл сайын Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін IT саласындағы Қазақстанның ең ірі іс-шарасы.
Форумға халықаралық IT-қоғамдастық көшбасшылары, технология саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, цифрлық әзірлемелер саласындағы кәсіпқойлар, IT-компаниялар мен стартаптар, венчурлық инвесторлар, технологиялық кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері, жалпы 5 мыңға жуық қонақ, 300 IT-компания, әртүрлі елден 200 спикер және 70 инвестор қатысады.
Форумды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі ұйымдастырып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытудағы басты мақсатын атады.
«Сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдерге негізделеді. Осындай жағдайда Қазақстан өз алдына еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымынша, бұған қажетті берік негіз бар.
«Бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елден озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Қазақстан цифрландырудың дамыту векторын мазмұндық жағынан да, институционалдық тұрғысынан да нақты айқындағанын атап өткен жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.