Жаңаөзенде кәмелетке толмаған қызды азғындамақ болды деген күдікпен ер адам ұсталды. Оқиға туралы жергілікті тұрғын айтып берген, деп хабарлайды inAktau.kz.
Әйелдің сөзінше, ер адам үшінші шағынауданда тұрады. Ол аулада жүрген 4-5 жастағы қызды алдап, пәтеріне алып келген.
"Өзі екінші қабатта, ал қыз төртінші қабатта тұрады. Қуанышқа орай мұнда барлық пәтердің есіктері көрініп тұрады, сондықтан балалар қызды алып кеткенін көрген. Анасы қызын іздеп, аулада жоқ екенін байқаған. Бірден іздей бастаған, сол кезде балалар ер адамның алып кеткенін айтқан. Қызының дауысы мен жылағанын естіп, бірден сол пәтерге барыпты. Есікті қағып, уақытында үлгерген. Ер адам шалбарын шешіп, қызды да шешіндірген. Зорлап үлгермепті", – дейді әйел.
Әйелдің айтуынша, ер адам бұған дейін де кәмелетке толмаған баланы зорламақ болды деген күдікпен ұсталған. Алайда дәлел аз болғандықтан, қылмыстық іс қозғалмаған.
Хабарламаға сәйкес күдіктіні полиция ұстаған. Желіде тараған суретте ер адамның 47 жаста екені және әйелі мен үш баласы бар екені көрсетілген.
Маңғыстау облысы полиция департаменті мен Жаңаөзен прокуратурасы бұл оқиға туралы пікір білдіріп, оқиғаның 18 қыркүйекте болғанын айтты.
"Жаңаөзен полициясының кезекші бөліміне 12:30-да ер адамның қызға тиіскені туралы хабарлама түскен. Ақпарат бойынша жедел-тергеу тобы жіберілді. Оқиға орнында 47 жастағы ер адам ұсталды. Аталған дерек Жаңаөзен қаласы полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 121-бабы "Сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттері" бойынша тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптама тағайындалды", – делінген ведомство хабарламасында.