Алматы қаласы прокуратурасының Art sport бағдарламасын тексеруінің алдын-ала нәтижесі бойынша бір қылмыстық іс қозғалды және тағы алты қылмыстық іс ашуға негіз бар, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Рақышев жұмыс тобының отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бюджет қаражатын бірнеше миллион доллар жымқыру анықталған.
3000-нан астам баланың шетелде болғаны анықталды. 5000-нан астам сабақ өткізілген жоқ. Сонымен қатар жаттықтырушылардың еңбек құқығы бұзылды. Шарттар жасалмады, зейнетақы аударымдары жүргізілген жоқ. Балалармен тығыз жұмыс істейтін 10 жаттықтырушы бұрын сотталған болып шықты. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
"Мұнда бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема болған. Біз осы бағдарламаның жұмысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек. Бағдарлама функционалының өзі тиімсіз, бақылау-қадағалау органдарына бюджет қаржысының жұмсалуын уақытылы әрі тиімді бақылауға мүмкіндік бермейтінін көріп отырмыз", - деді Нұрсұлтан Рақышев.
Прокуратура тексеру комиссиясымен бірлесіп алаяқтыққа жол бермеу үшін бағдарламаның техникалық аудитін пысықтап жатыр. Тексерулер жалғасып жатыр, нәтижесі тексеріс біткесін жарияланады.