Павлодар облысында жүк көлігін тізгіндеген мас жүргізуші тұрғын үйге соғылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қыркүйекте сағат 13:50 шамасында Павлодар облысы Шідерті кентіндегі Жастар көшесінде 45 жастағы мас жүргізуші тізгіндеген Shacman маркалы жүк көлігі екі қабатты тұрғын үйге соғылған. Тексеріс нәтижесінде оның орташа дәрежеде мас болғаны расталған.
"Үйге материалдық шығын келтірілді. Бұл уақытта тұрғын үйде ешкім болмаған. Автокөлік жүргізушісі қажет көмек алу үшін Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілді, себебі дене жарақатын алған. Келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр. Көлік Шідерті кентінде жұмыстарды орындайтын мердігер ұйымға тиесілі.
Көлік арнайы айыптұраққа қойылды. Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ Патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Күркебаев.