Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды БОРТ N1 телеграмм арнасы.
«Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Әлемдегі ахуал аса күрделі болып кетті. Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек.
Әрбір саясаткер, қоғам қайраткері, журналист, блогер немесе жалпы азаматтар сөзі мен әрекетінің жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қазір әр ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ.
Өкінішке қарай, ашығын айту керек, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Олар, тіпті, біздің елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады. Оның бәрін көріп отырмыз. Міне, біз елге қатер төндіретін осындай теріс үрдістердің де бар екенін ұмытпауымыз керек», деді Мемлекет басшысы.
Президент: «Қазір елімізде үлкен саяси науқан басталды. Әрине, сайлау болғаннан кейін түрлі пікірталастар болады. Сонымен қатар, ел мүддесіне кереғар пікір айтатын, тіпті, жалған ақпарат тарататын адамдар пайда болуы мүмкін. Біз осыған сақ болуымыз қажет.
Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз».