30.09.2022, 20:20

«Бейнебаянның түсіріліміне кедергі жасады»: Төреғали Төрәлі жанжал себебін түсіндірді

Өзара ерегіс соңы әншінің жұдырық жұмсауымен аяқталған.

Бейнебаянның түсіріліміне кедергі жасады. Алматы облысының Талғар ауданында тергеу абақтысында отырған әнші Төреғали Төрәлі Ұлттық паркте белгісіз адамды ұруының себебін осылай түсіндірді, деп хабарлайды Рolisia.kz.

«Уақытша ұстау изоляторында отырған Төреғали Төреәлі Көлсайда болған жағдай бойынша өз нұсқасын айтты.

Оның сөзінше, жанжал жаңа клиптің түсірілімі барысында шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Өзара ерегіс соңы әншінің жұдырық жұмсауымен аяқталған.

Сондай-ақ әлеуметтік желіге тараған видеодан әртістің балағат сөздер айтқанын аңғаруға болады.

Аталған құқық бұзушылық ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркелгенін еске салайық», - полиция мәліметінде.

Еске салайық, оқиға 28 қыркүйекте Алматы облысы Кеген ауданындағы Ұлттық парк аумағында болды. Әлеуметтік желіде белгісіз жігіт Төреғали Төрәлі оның қабағын жарып, жұдырықтағанын жеткізген еді. Қылмыстық іс Сотқа дейінгі тергеп тексеру тізілімінде тіркелді. Бүгін әнші тергеу абақтысына қамауға алынды.