Шымкентте тұрғындар мектеп жасындағы қыздары үшін алаңдаулы. Әлеуметтік желілерде 1 мамыр көшесінде болған оқиға туралы тұрғындар бір-біріне ескерту хабарламасын жіберіп жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы Instagram-дағы @_volontery_shymkent_lider.kz паблигі жазды.
"Балаларыңызды кешке қарай көшеге шығармаңыздар! 1 мамыр көшесіндегі №16 үйдің маңайында педофил 7-8 жастағы қыздарға тиіскен. Қаскөй қыздарға монеталар ұсынып, өзінің шалбарын шешкен. Оларды гаражға шақырған... Балаларыңызға тәттілер мен ойыншық ұсынса да бөгде адамдарға жақындап, сөйлесуге болмайтынын айтып түсіндіріңіздер", — делінген жазбада.
Автордың мәліметінше, педофил деп отырған ер адамның жас шамасы 35-40 аралығында. Үстіне ақ жолақтары бар қою көк түсті спорттық киім киген.
Тұрғындардың айтуынша, бұл аулада бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ олар оқиға болған жерге емес, басқа бағытқа қаратып қойылған көрінеді. Арыз жазған тұрғынға полицейлер солай деп түсіндіріпті.
Қазіргі уақытта полицейлер ер адамды іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
"Оқиғаға қатысы бар адамды анықтауға және ұстауға бағытталған барлық қажетті жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз", - деді Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметіндегілер.