03.10.2022, 01:26

Атырау облысында жас жігіт сыныптасының туған күнінде қаза тапты

Марқұмның анасы әділдік орнамаса, Жоғарғы сотқа дейін арыздануға бекініп отыр.

Атырау облысында 27 жастағы жігіт сыныптасының туған күнінде көз жұмды. Қазіргі кезде бір адам қамауға алынды.

Алайда анасы мұндай шешіммен келіспей отыр. Себебі ұлының денесінде көптеген дене жарақаты анықталған, деп хабарлайды Almaty TV арнасы.

Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылының тұрғыны Айгүл Қиықова 13 тамызда ұлын жер қойнына тапсырды. Оның айтуынша, сол күні ұлы достарымен туған күн кешіне барған. Достарына көмектесу үшін таңертең ерте шығып кеткен. Бірақ үйіме ерте қайтамын деген баласын ішімдікке сылқия тойып алған сыныптастары жібергісі келмей, аяусыз соққыға жыққан.

"Кетіп бара жатқан жерінен Манас сен қайдан шығардың деп, Нұрсұлтанды ұрған, сен де жөніңе отырмай, не менің туған күнімде сен көмек сұрайтын кім едің деп сөйтіп төбелескен. Содан, Манас Салықбай Нұрсұлтанды ұрған, содан кейін Ернарды ұрған. Сосын кетіп бара жатқан менің ұлымның қу желкесінен қатты ауыр затпен ұрған. Не тас, не темір", – дейді марқұмның анасы Айгүл Қиықова

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері сыныптастарын бөлімшеге алып кеткен. Ал ертесінде тек бір күдікті қалып, қалғаны босатылды. Тергеуге алынғандардың айтуынша, басынан соққы алған бойда марқұм сол жерде құлаған көрінеді. Ал сараптама қорытындысы оның бірнеше рет соққы алғанын көрсетіп отыр.

"Құлақтан соққан, желкесінен соққан, басында соққы көп дейді. Оны құлағаннан кейін тағы соққан сияқты. Сонда бүгінгі таңда шөлмекпен ұрған бала қамауда отыр да, ал бағанағы таспен ұрып өлтірген бала тасын да, темірін де жоқ қылып жіберген. Ол бала бостандықта жүр және соны көрген 4 бала да бостандықта жүр", – дейді анасы.

Айгүл Қиықова аудандағы тергеушілерге сенбей, облыстық полиция департаментіне барып, істің толықтай ашылуын талап еткен. Ол туған күн кешінде болғандардың барлығының толық тергеуге ілігуін сұрайды. Ал департамент өкілдерінің айтуынша, тергеу барысында әлі талай өзгеріс болып, жазаға тартылатындар саны артуы мүмкін.

"Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 1995 жылғы күдікті қазір қамауда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпартты қазір Қылмыстық процесстік кодекстің 201-бабына сәйкес, тарата алмаймыз. Күдіктілердің саны немесе өзге де қылмысқа қатысты ақпарат тергеу барысында өзгеруі мүмкін", – деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Марқұмның анасы әділдік орнамаса, Жоғарғы сотқа дейін арыздануға бекініп отыр.