03.10.2022, 15:40

«200 еуросын ұрлаған»: Ақтауда полицейлер Ресей азаматтарын тонаған ұрыларды ұстады

фото: ашық дереккөз
Бұған дейін әлеуметтік желіде тағы бір Ресейлік азамат тоналғанын айтқан еді.

Ақтауда полицейлер Ресей азаматтарының 200 еуросын тонаған күдіктілерді ұстады. Ресейліктер құқық қорғаушылардың тез әрекетіне таңданып, алғыстарын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде азамат Ақтауда тағы бір ресейлік азаматпен бірге тоналғанын айтқан болатын.

«Ақтау қаласының полицейлеріне рахмет. Бізде екі адамды тонап кетті. Бірақ екіншісі бүгін ғана өтініш берді. Олар өте жылдам келіп, екі-ақ сағатта камераларды қарап, ұрыларды ұстады! Бізде полицейлер тек екі сағаттан соң келер еді. Ал мұнда бірінші патруль бес минутта болды. Ақтау полицейлеріне тағы да рахмет», - деп жазды жәбірленуші.  

Маңғыстау облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметі 2 қазанда Ақтау қалалық ІІБ-не 23 жастағы Ресей азаматы 11-шағын ауданда өзінен 200 еуро ұрлап кеткен екі адамды ұстауды сұрап арызданғанын хабарлады.

Қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігімен «Тонау» бойынша тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 26 және 31 жастағы екі күдіктіні анықтап, ұстады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілер қылмыстарын мойындаған.

Тегтер: тонау ұрлық