04.10.2022, 11:20

Бас прокуратура Қостанайдағы қару-жарақ дүкеніндегі жарылысқа қатысты мәлімдеме жасады

Қазіргі уақытта тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтап жатқаны айтылды.

Бас прокуратура Қостанайдағы "Оружейная палата" дүкеніндегі жарылыс пен өрттің себебін атады.

Бас прокуратура мәліметінше, 3 қыркүйекте Қостанайда болған "Оружейная палата" дүкеніндегі жарылыс және өрт фактісін тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

"Тергеуде дүкеннің басшысы оқ-дәрі өткізуге рұқсаты болғандықтан, оқиға қарсаңында Қарағанды облысынан "Сокол" маркалы 40 келі оқ-дәріні кейіннен өлшеп орау және сату үшін сатып алғаны анықталды.

Бұл оқ-дәрі Қостанай қаласына ауа температурасы 36 градус ыстық болған кезде қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұза отырып тасымалданған және жарылыс орын алған дүкеннің жертөле бөлмесіне сақтауға қойылған. Сарапшылар жарылыстың себебі оқ-дәрінің тұтануы, бұл қирауға және өрттің тұтануына әкеп соқты деген қорытындыға келді", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтап жатқаны айтылды.

Еске салайық, өрт салдарынан 11 адам зардап шекті, оның 4-еуі қаза болды. Олардың бәрі дүкен қызметкерлері. Жарылыстан көршілес орналасқан коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер де зақымданды.

Tengrinews.kz