Павлодар қаласына Ресейдегі моблизациядан қашып келгендерге "Қырым кімнің жері" деген сұрақ қойған қоғам белсендісі Диас Құзайыров 5 тәулікке қамауға алынды.
Қазанның 3-іне кешке Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Диас Құзайыровты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлімі бойынша ("Ұсақ бұзақылық") айыпты деп танып, 5 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.
Сот қаулысында "Диас Құзайыров қоғамдық орында шу шығарып, өзге адамдарға күш көрсетіп, қорлап, ұйымдастырушыларға балағат сөз айтқан" деп жазылған.
Ресейдегі мобилизациядан қашып келген азаматтарға 27 қыркүйекте жергілікті кәсіпкерлер мейрамханада түскі ас берген. Паводар кәсіпкері Айдар Құрымбаев көрші ел азаматтарына "қазақ халқының қонақжайлығын көрсеткісі келетінін" айтқан. Ұйымдастырушылар мейрамханаға Азаттық тілшісін кіргізбеген.
Түскі ас берушілер мен Диас Құзайыровтың арасында мейрамхана сыртында жанжал туып, сөз қағысқан. Белсенді полиция шақырған. Алайда, ертеңіне полиция қарсы тараптың да арыз жазғанын хабарлаған.
Оқиға кезінде Диас Құзайыровтың қасында болған белсенді Руза Бейсенбайтегінің сөзінше, іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі белсендіні "ұлтшыл, халық жауы" деп айыптаған.
Диас Құзайыровтың адвокаты Әскербек Кәкімов сот шешімімен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, сот дәлелдерді ескермеген.
- Диас ешкімге тіл тигізген жоқ, Ресейден келгендерді қуған жоқ. Ұйымдастырушылар оған жала жауып отыр. Оның барлығы Диас түсірген ютуб арнадағы тікелей эфирінде тұр. Сондықтан, сот қаулысына шағым жасадық, – деді ол.
Павлодар белсендісі, блогер Диас Құзайыров биыл Қаңтар оқиғасы кезінде митингіге қатысып, 15 тәулікке қамауға алынған.
21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жасау туралы жарлық шығарған соң Ресейдің әскерге жарамды азаматтары көршілес елдерге жаппай қаша бастап, бір бөлігі Қазақстанға келген.
Youtube желісінде жариялаған видеода Диас Құзайыровтың Ресейден келген екі азаматқа "Қырым кімдікі", "Павлодар кімдікі" деген сұрақ қойғаны көрінеді. Ресей азаматтары "Қырым да, Павлодар да сонда тұратын адамдардікі" деп жауап берген. Бұл видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, қоғамда резонанс тудырған.
Дереккөз: azattyq.org