Жигули Дайрабаев 5 қазанда ел президенттігіне кандидат ретінде ұсынылуы туралы құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына тапсырды. Бұл туралы ОСК ресми сайтында жарияланған. Одан бөлек ол ұлдарына қатысты ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОСК хабарламасында Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевтың "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Қазақстан президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы айтылады.
Дайрабаев келесі құжаттарды ұсынған:
1. "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан президенттігіне ұсыну туралы хаттамасынан үзінді; 2. Ж.М. Дайрабаевтың Қазақстан президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломдардың көшірмелері.
Одан бөлек, Дайрабаев балаларына қатысты тергеу жүріп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Ұлдарым кішкентай емес, олардың өз өмірі бар. Оларды қамап қойды деген секілді сөздер шындыққа жанаспайды. Бір ұлым егінмен, екінші ұлым құлпынай өсірумен айналысады. Біз құқыққорғау органдары мен соттың жұмысына араласа алмаймыз. Бәрін уақыт көрсетеді”, - деп мәлімдеді Дайрабаев.