Астанада ақылы тұраққа жауапты мекеме шетелдік нөмірмен жүрген көліктер үшін ақы төлеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бекітілген ережеге сәйкес, ақылы тұраққа кіргеннен кейін 30 минуттің ішінде ақысын төлеу керек.
"Ал шетелдік нөмір таққан көлік үшін төлем жасау мүмкіндігі барлық төлем әдісінде қарастырылған. Төлем дұрыс өтуі үшін пайдаланушылар тіркеу куәлігіне сәйкес автокөліктің уақыты мен тіркеу нөмірін көрсетуі керек. Тегін тұраққа бес минуттан аспайтын мерзімге рұқсат етіледі", - дейді мамандар.
Тұрақ үшін ақы төлеу тәсілдері:
Kaspi.kz және halykbank.kz қосымшалары ("Төлемдер" бөлімінде жиектерді толтыру кезінде "Мемлекеттік нөмір" бағанында автокөлік нөмірін толық енгізу керек. Өтініштерде қазақстандық және шетелдік нөмірлер бірдей оқылады);
"Астана автотұрақтары" мобильді қосымшасы және astanapark.kz. сайтындағы жеке кабинет (Арнайы нөмір бағанын таңдау, одан кейін нөмірді, серияны және аймақты көрсету);
Тұрақ есептегіш арқылы қолма-қол ақшамен төлеу (Алдымен пернетақтадағы "√" түймесін басыңыз. Ал автокөлік нөмірін енгізгенде "стандартты емес нөмірлер" сары батырмасын басу керек);
Kassa 24 веб-сайты мен терминалдары ("Басқа төлемдер"/"Астана қаласындағы автотұрақ"/"Автотұрақ үшін төлем" бөлімін таңдаңыз).
Ақылы тұрақтағы бір сағаттың құны – 100 теңге. Ал тұрақ ақысын төлеуден жалтарғандарға 3 АЕК (9 540 теңгені) әкімшілік айыппұл салынады.
Ақылы тұрақтардың жұмыс тәртібі:
жұмыс күндері сағат 8: 00-ден 20: 00-ге дейін;
демалыс және мереке күндері тұрақ тегін.