Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі павлодарлық "Ақсумен" ойыннан кейін жанкүйерлері пиротехникалық заттар қолданғаны үшін Ақтау клубына айыппұл салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
4 қазан күні Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік комитетінің отырысы өтті. Жиында "Каспий" футбол клубына айыппұл салу туралы шешім қабылданды.
Мұндай шараларға "Каспий" ФК жанкүйерлерінің бейәдеп ұстанымдары себеп болған. 1 қазан күні ақтаулық футболшылардың стадионында өткен павлодарлық "Ақсумен" матчтың соңында жанкүйерлер жүйелі түрде пиротехникалық заттарды тұтандырған.
Осылайша, Тәртіптік ереженің 63-бабының 1-тармағына сәйкес "Каспий" ФК 459 450 теңге (150 айлық есептік көрсеткіш) төлеуге міндетті. Клуб осы жылдың 4 қарашасына дейін айыппұлды төлеуге міндетті.