$ 446.49  475.38  4.79

«Басшымыз мас болып келіп, мазамызды алды»: қызметкерлер шағым түсірді

«Батыс су арнасы» қызметкерлерінің сөзіне сенсек, түнде жұмысқа келіп жанжал шығару Жандос Саматовтың үйреншікті әрекеті екен.

Әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның ерсі қылығы түсірілген видео тарап кетті. Бейнежазбада әйел адамның ер адамға «Сіз мас күйінде жұмысқа неге келесіз, жұмыстан тыс уақытта жүруге кім рұқсат берді?» деген бағыттағы дауысын естуге болады. Сол видеода көрінген адам «Батыс су арнасы» мекемесі директорының орынбасары» деген ақпарат та шықты деп хабарлады zhaikpress.kz.

Белгілі болғандай, бұл видеоны «Батыс су арнасы» ЖШС диспетчері Елена есімді әйел адам түсірген. Видеодағы ер адам сол мекеме директорының орынбасары – Жандос Саматов.

«Қазан айының төртінен бесіне қараған түні менің кезекшілігім болды. Менің жанымда екі слесар-жөндеуші, электрик және көлік жүргізушілері бар болатын. Біз апатты жағдайлармен жұмыс істейміз. Түнде 01:50 мен 02:10 аралығында жұмысқа Жандос Саматов келіп, «түнгі ауысым түк жұмыс істемейді, жатып демалады» деп байбалам шығарды. Мен дереу видеоға түсіре бастадым. Себебі бұл оның жұмысқа осындай күйде бірінші мәрте келуі емес. Ол өзін өте дөрекі ұстап, айқайласып, дауласа бастады. Мен полиция шақырдым», – деп еске алды сол түнді Елена.

«Батыс су арнасы» қызметкерлерінің сөзіне сенсек, түнде жұмысқа келіп жанжал шығару Жандос Саматовтың үйреншікті әрекеті екен.

Мекеме қызметкерлері бұған дейін шара қолданбаған басшылығына өкпелі. Сол күні түнде «Батыс су арнасының» диспетчері Елена полиция шақырған, бірақ тәртіп сақшылары келгенге дейін Жандос Саматов мекемеден шығып кетіпті.

«Басшылыққа дереу хабар бердім. Мен ол кісіні мас деп ойлаймын. Әрине, қолымда медициналық дәлелім жоқ. Бірақ арақтың исі мүңкіп тұрды», – дейді Елена.

Жандос Саматов «Батыс су арнасындағы» қызметін заңгер болып бастаған. Еленаның айтуынша, Жандос олардың бөлімін басқармайды, техникалық бөлімге басқа басшы жауапты.

«Мен бұл жерде 12 жылдан бері жұмыс істеймін. Басшылыққа жазбаша хат қалдырдым. Бірінші рет емес және тек менің кезекшілігімде мас болып келіп тұрған жоқ, шара қолданады деп үміттенемін», – дейді диспетчер қыз.

«Қазан айының 3-нен 4-не қараған түні мен кезекші болдым. Сол кезде ол түнгі 03.00-де жұмысқа мас күйінде келді. Маған күзеттегілер хабарлап, мекемеге кіргенін айтты. Таңға дейін іштегі жігіттермен шәй ішті, кіріп-шығып жүрді. Таңғы 06:00-де өз кабинетіне ұйықтауға кетті. Екінші кезекшілік Еленаға да мас күйінде барып тұр. Бұл бірінші жағдай емес, біздің шыдамымыз таусылды. Басшылыққа қанша айтсақ та қажетті шараны қолданбай отыр», – деп ашынды сол мекеменің Н. есімді диспетчері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары