$ 447.4  477.55  4.76

Шымкентте пәтер кезегін күткендер далада түнеп жүр

200-ден астам отбасы баспанасына қыркүйекте кіруі керек болған.

Шымкентте жылдар бойы пәтер кезегін күткендер әлі далада жүр.«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Отбасы банкі» арқылы пәтер алуға тиіс 200-ден астам отбасы баспанасына қыркүйекте кіруі керек болған. Бірақ мердігер компания дер кезінде құрылысты бітірмеген.

Ал шенеуніктер тығырықтан шығу үшін заңды пәтерлерінің орнына сапасы нашар, шаршы метрі аз баспана ұсынып жатыр дейді тұрғындар. Наразы жұрт мен атқамінерлердің уәжі қандай?

Үйлер «Отбасы банкі» арқылы мамыр айында үлестіріліп, баспанаға мұқтаж жандар қыркүйекте қоныс тойын жасауға тиіс еді. Бірақ мамырмен қазан арасында төрт үйдің құрылысы кілт тоқтапты. Онсыз да баспана кезегінде жылдап тұрып, жалдамалы пәтерлерде жүргендер енді тағы екі айда банк берген мерзім аяқталып, тағы да далада қаламыз ба деп уайымдайды.

Гүлнәр Үсенбаева, Шымкент тұрғыны:

- Пәтерімнен айрылып қалам ба деп қорқам. Зорға дегенде қол жеткіздік. 20 жыл бойы пәтер жалдап тұрам. Айына 100 мың, маған оңай емес. Айлық табысым 130 мың, ішпейжемей мен пәтерге беріп отырмын. Ал енді өзіміздің ұтып тұрған үйімізді уақытында дайындап бермей жатыр. Бір-біріне сілтейді. «Отбасы банк» тұрғын үй шаруашылыққа, ал олар әкімшілікке сілтеп жатыр. Әкімшілік шешеді дейді.

Ал әкімдіктің бар шешімі салымшыларға бұл үйдің орнына жақын маңдағы құрылысы біткен, бірақ сапасы әлдеқайда нашар әрі текше метрі аз баспана ұсыныпты. Оның үстіне құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдері жергілікті билік түрлі сылтаумен төрт ай бойы құрылысқа ақша беруді доғарған екен. Сондықтан тұрғындар шымкенттік шенеуніктер әдейі салымшыларды арзан үйге жіберіп, мына үйлерді қымбат бағаға сатпақшы деген күдігі бар.

Әсел Маханова, Шымкент тұрғыны:

- Ол жақта минусы – 12 қабат, мақұл. Ол жерде газ, жарық жоқ. Одан кейін төмен орналасқан. Одан кейін бұл үй 80 пайыз монолит құйылса, ол жақта газоблок. Барлық бөлмеде көршілердің дауысы естіледі. Үшіншіден, шаршы метрі аз, онға дейін. Күдігіміз бар. Мына жақтан бізді шығарып салып, ана жақты кейін басқа бағаға қымбат сатады деп ойлаймыз.

Баспанасын даулағандардың наразылығын естіп «Отбасы банк» өкілдері мен қала басшылығы келді. Айтуларынша, ақша жеткілікті. Бірақ мердігер компания түрлі себеппен мерзімінде аяқтай алмады дейді. Егер тұрғындар қарсы болса, сапасыз үйлерге ешкімді күштеп кіргізбейміз деп отыр жауаптылар.

Мақсұт Исахов, Шымкент әкімінің орынбасары: -

Біз осы Тұран шағынауданынан дайын боп тұрған 12 қабаттық үйлерден осы мынау жеңіп алған кісілерге ауысуға ұсыныс беріп жатырмыз. 35 адам келісім берді. Қазіргі «Хадид» компаниясының басшылығының бізге берген уәдесі – қараша айында бітіру. Екі ай ішінде. Егерде қараша айында бітірсе, онда желтоқсан, қаңтар айында адамдарды кіргізуге мүмкіндік болады. Егер бітірмесе, біткенін күтуі керек.

Қажет болса сотқа беріп, құрылысты мәжбүрлеп аяқтатқызамыз дейді шенеунік. Десе де үйлердің жуық арада бітетін түрі жоқ сияқты. Себебі, құрылыс басында бірде-бір жұмысшы жоқ дейді тұрғындар.

 

Дереккөз: ktk.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары