Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынов туып-өскен Ақкөл ауылының тұрғындары әлі күнге дейін жол азабын тартып отыр. Ал жергілікті билік азғантай жерді жөндеп, халықты алдап келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Tobolinfo сайтының мәліметінше, тұрғындар Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына байланысты ауылдағы жол түгел жөнделеді деп қуанған. Алайда, жергілікті билік бар болғаны 26 шақырым жолды реттеп, қалғанын сол күйі қалдырды.
Яғни, басшылық негізгі тас жолдың 26 шақырымын жөндеп, қалған 86 шақырымды қалдырып кеткен. Бұл жергілікті тұрғындардың ашуын келтірді. Ал облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев жөнделмеген жолдың да ауылдықтарға жарайтынын айтып отыр.
«Ол жерде грейдер бар, мұнымен жүруге болады», - дейді ол.
Осылайша, шұрқ-тесік 86 шақырым жол жөнделмейтін болды. Нұрғалиевтің айтуынша, әрі қарай жолды жөндеуге ешқандай мердігер қызығушылық танытпаған. Сондай-ақ, шенеунік тендерге бөлінетін ақшаны көбейтуге қатысты да жақ ашпады. Оның айтуынша, бастысы - жаман болса да жол бар.