14.10.2022, 22:20

Ақтөбеде қан ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары шу шығарды

Аймақта онкологиялық дертке шалдыққан 500-ден астам бала бар.

Ақтөбеде қан ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары шу шығарды. Олар бір жыл бұрын ашылуы тиіс болған, көпсалалы орталықтың неге ашылмай жатқанын түсіне алар емес. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Орталықтың құрлысы өткен жылы аяқталған. Ал биыл заманауи жабдықпен толық қамтылды. Жеке инвестор 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсап, жұмыстарды аяқтаған. Бірақ аурухана әлі күнге дейін ашылмай жатыр. Науқас балалардың ата-аналары ем алу үшін жылына бірнеше рет Астана мен Алматыға қатынауға мәжбүр.

«Самолетпен барамыз. Біреудің қалтасы көтереді, біреудікі көтермейді. Біреудің баласы екі аяқпен жүреді, біреудің баласы тіпті жүруге мұршасы жоқ. Поезбен бізге қауіпті», - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жәзира Бұрханова.

 Облыстық балалар ауруханасында, қан ауруына шалдыққандарға тек 8 кереует бар. Ол жерде балаларға жағдай жасалмаған.

«Августе ашылу керек еді. Ашылмады. Сентябрь деп белгісіз. Ашып берсе деген үміттеміз, - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ұлболсын Арынғазина.

Қазір аймақта онкологиялық дертке шалдыққан 500-ден астам бала бар. Сондықтан жаңа орталық оларға аса қажет екенін жергілікті шенділер жақсы біледі.

«Қазір юридический, қаржылық құжаттарын дайындап жатыр. Желтоқсан айында қаражатты алса, біздің жоспарымыз бойынша 2023 жылдың қаңтар айында бұл аурухана іске қосылады», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Ал жүз орынға арналған жаңа орталық іске қосылса, онда арнайы онкогемотологиялық бөлім болады. Онда қырыққа жуық науқас бала ем ала алады.

Тегтер: Ақтөбе