«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында елордалық команда сенімді ойын өткізді. Бірінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпасына бір шайбадан енгізді. Алдымен елордалық Никита Михайлис 7-минутта есеп ашса, оған «Амур» хоккейшісі Павел Махановский 19-минутта бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде небәрі бір минуттан астам уақыт ішінде «Барыс» хоккейшілері қарсылас команда қақпашысын үш мәрте қапы қалдырып кетті. Ойынның 26-минутында Ансар Шайхмедденов мергендік танытса, 27-минутта Юрий Сергиенко көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ал арада 37 секунд өткенде Линден Вей есепті үстемелей түссе, 42-минутта Егор Петухов қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсті.
Енді елордалық клуб алдағы ойынын 17 қазанда елордада Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізеді.