19.10.2022, 05:27

Жеміс-жидекке жасырын түрде вакциналар қосылып жатыр деген ақпарат тарады

Олардың көмегімен қашан, неден және қалай егілуге болатыны белгісіз.

Әлеуметтік желілерде тарап жатқан видеода 2000 жылы вакцинацияға қарсы шыққан азаматтарды егу үшін жеміске жасырын түрде вакциналар қосылып жатқаны айтылуда. Мәселенің анық-қанығын Stopfake.kz анықтады.

«Роликте The Guardian порталындағы мақаланың скриншоты көрсетілген, оның тақырыбын «Гендік-модификацияланған жемістердегі вакцина В гепатитін жоя алады» деп аударуға болады. Мұндай мақала шынымен де бар. Ол 2000 жылдың 8 қыркүйегінде жарық көрді және ол нақты препарат емес, сынақтар туралы. Сондай-ақ мәтінде жеуге болатын вакциналар 1990 жылдары әзірлене бастағаны туралы айтылады. Идея иммундық реакцияны тудыруы және белгілі бір ауруға қарсы вакцина ретінде әрекет етуі мүмкін гендік-модификацияланған өсімдік немесе жануар өнімдерін жасауға негізделді», - деп жазылған Stopfake.kz сайтында.

Мәліметке сүйенсек, жеуге болатын вакциналарды жасау өте қиын.

«Бүгінде, осы салада зерттеулер басталған 30 жылдан соң, әлемде тырысқақ, қызылша, энтеровирусты везикулярлы стоматит және В, С және Е гепатиттеріне қарсы жеуге болатын вакциналар бар. Алайда олардың барлығы әртүрлі сынақ кезеңдерінде, ал кейбірі әлі күнге дейін адамдарда сыналмаған – тек зертханалық жануарларда ғана. Жеуге болатын вакциналардың ешқайсысы әлі нарыққа шығарылған жоқ және оны алу мүмкін емес. Демек, тараған ақпарат – манипуляция. Жеуге жарамды вакциналар бүгінгі күнге дейін әзірлік сатысында. Олардың көмегімен қашан, неден және қалай егілуге болатыны белгісіз. Қазіргі кезде дүкендер мен базарларда сатылатын жемісте вакциналар жоқ», - деп қорытындыланған хабарламада.

ҚазАқпарат.