Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыс жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды БОРТ N1 телеграмм арнасы.
Президент: «Алматының алмасы әлемге танымал ұлттық брендімізге айналуы керек. Бұл өңір алмадан басқа да түрлі жеміс-жидек өсіретін бау-бақшасымен танымал. Оны дұрыстап дамытса, облыс елімізді жеміс-жидекпен қамтамасыз етумен қатар, оны экспорттай алатыны сөзсіз.
Алматы қаласының іргелес тұруы да – қолайлы фактордың бірі. Қазір менің тапсырмам бойынша шаһардың азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама жүзеге асса, облыстың ауыл шаруашылығы тың қарқынмен дамиды».
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үлкен Алматы каналының қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.
«Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ, іске қосылғаннан бері оған бір де бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс.
Су тапшылығы болғандықтан, Сорбұлақтың тазартылған суын пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Қазір Сорбұлақтың суымен 2,7 мың гектар егіс алқабы суарылады. Бұл су қоймасын шамадан тыс толып кетуден сақтайды. Әйтпесе, экологиялық апатқа тап болуымыз мүмкін.
Алайда, мұның бәрі әлі күнге дейін реттелмеген. Сондықтан, қалдық суды тазартып, кәдеге жаратудың ережесін әзірлеуді тапсырамын. Сонда суармалы жердің аумағын кеңейтуге мүмкіндік туады», деді Тоқаев.