$ 444.32  473.33  4.76

Рейд жүреді: Қазақстанда әскерге барудан қашып жүргендерге іздеу жарияланады

Елімізде 35 мыңнан астам адам әскерге барудан қашып жүр.

Әскери комиссариаттардан жасырынып жүрген азаматтарға жергілікті билік өкілдері іздеу жариялап жатыр. Өйткені Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып, тіпті шетел асып кететіндер де көбейген екен. Қазақстанда 35 мыңнан артық адам әскерге барудан қашып жүрген көрінеді. Енді оларды анықтап, табу мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, рейдтер ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Информбюро жаңалықтары.

Петропавлда әскери есепте тұрған тоғыз мыңға жуық азаматтың тек 518-і ғана Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірген. Әскерге шақырылғандардың тең жартысы оқуына байланысты уақытша босатылса, тығылып, қашып жүрген 511 адамға іздеу жарияланыпты. Олардың ішінде Отан алдындағы борышын өтемеу үшін Қазақстаннан өзге елге қашып кеткендері де бар екен.

“180 адам Қазақстаннан кетіп қалған. Азаматтар әскерге бармау үшін түрлі амал-айлаларға барады. Тіркеуде, тұрғылықты жері бойынша тұрмайтындары көп. Ата-аналары, жақындары оларды барынша жасырады”, – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Сол үшін жергілікті комиссариат өкілдері әскерге шақыру қағазын қолдарына тапсыра алмайтындықтан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көмегімен рейдтер ұйымдастыруға мәжбүр екенін айтады.

Ал азаматтар мен ата-аналардың әскер туралы пікірі әр түрлі.

Ал Қорғаныс министрлігінде бұл жылда қайталанатын үрдіске айналып барады дейді. Мәселен, көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде отан алдындағы борышын өтеуден жалтарған үш мың адам анықталып, оларға әкімшілік айыппұл салған. Әскерге барудан бас тартқан азаматтар үшін қылмыстық жаза да қарастырылғанын ескертеді.

“Азаматтардың әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді орындамауы бойынша шамамен бір мыңнан аса азамат, медициналық тексеруден немесе жиындардан жалтару бойынша шамамен екі жүздей адам, әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдіру немесе жоғалту бойынша бір мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – дейді ҚР Қарулы күштері Бас штабының аға офицері Руслан Тапашев.

Қазір азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру мақсатында жеңілдіктер ұсыну қарастырылып жатыр. Бұған сәйкес, жоғарғы оқу орнына тегін оқуға түсу, грант негізінде әскери кафедра мен әскери оқу орындарына оқуға түсу мәселелері талқылануда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары