Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңнамаға толықтырулар енгізді. Енді еңбек қатынастарында тең мүмкіндіктер мен әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және тілдік белгілер бойынша құқықтардың бұзылуына жол бермеу мәселелері қадағаланады, деп хабарлайды Stan.kz.
Толықтырулар 2022 жылғы 25 мамырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілді. Онда ұлтаралық кемсітушілікке жол бермеу мәселесі қарастырылған.
“Тең мүмкіндіктер, төзімділік қағидаттарын сақтау және әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және тілдік белгілер бойынша құқықтардың бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ әлеуметтік және еңбек қатынастарында этносаралық және кез келген басқа да кемсітушіліктердің орын алуына жол бермеу”, – деген тармақша енгізілді.
Сонымен қатар Еңбек министрлігі өтініш берушілер көтерген жүйелі проблемаларды талдап, анықтайды.
Бұл құжат 4 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады.