Сәтбаевта сауда орталығының маңында болған атыс оқиғасына қатысқан тағы үш адам ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
18 қазанда кісі өлтіруге оқталу фактісіне байланысты оқиға орнына ішкі істер министрлігінен жедел-тергеу тобы жіберілген.
"Сол күні ІІМ Ұлытау облысы ІІД және облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Сәтбаев қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті профилактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді. Қолданылған шаралар нәтижесінде осы қылмысты жасаған бес күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Жанжалдың себептері анықталып, қылмыстың қаруы алынғаны хабарланды.
Бұған дейін екі күдіктінің ұсталғаны туралы хабарланған болатын. Алдын ала болжам бойынша, 18 қазан күні "Ұлытау" сауда орталығының алдында жастар арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан. Төбелес болған жерден көлікпен кетіп бара жатып, олардың бірі 24 жастағы жігітті атып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Қылмыстық іс "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша тіркелді.
Жәбірленуші оң жақ саны мен жыныс мүшелеріне оқ тиіп, арқасынан пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді.