Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы басшыларына қатысты сот үкімі шықты. Іс қысқартылған тәртіппен қаралды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
ПМХЗ-ның бұрынғы басшылығына қатысты үкім №2 қалалық сотта шығарылды.
Іс материалдарынан анықталғандай, сотталушылар 2017 жылдан 2022 жылдың ақпан айына дейін қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, алаяқтықпен айналысқан. «ПМХЗ» ЖШС атынан мемлекетке келтірілген шығын 753 189 541 теңгені құраған.
Сот материалдарына сәйкес, кәсіпорынның бұрынғы басшылығы өздеріне пайда өндіру мақсатында және өндіріс мүддесіне қайшы әрекет жасаған.
"Сотталушыларға екі бап бойынша – ҚР Қылмыстық кодексінің 190 және 361-баптарының төртінші бөліктеріне сәйкес айып тағылды. Бастапқыда қылмыстық іс кінәні мойындау туралы келісім түріндегі процессуалдық келісіммен сотқа жолданды. Сондықтан іс бітімгершілік іс жүргізу тәртібімен қаралды, барлық қатысушылар процессуалдық келісімнің талаптарымен келісті. Сотталушылар өз кінәларын толық мойындады, істеген істеріне өкінді, келтірілген залалды толық өтеді", - деді облыстық соттың баспасөз қызметінде.
Процессуалдық келісімді қарау нәтижесінде 47 жастағы сотталушы бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оған 10 жыл бойы қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтер атқаруға тыйым салынды.
Іс бойынша тағы екі сотталушы Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандықтары 3 жыл 6 айға шектелді. Мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Әрбір сотталғанға пробациялық бақылау белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.