25 қазан күні Шымкенттегі Рысқұлов пен Қонаев көшелерінің қиылысында ашылған жолайрық бір күннен соң жаңбыр суына толып қалды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Бұл туралы журналист Мария Нивозкина жазба қалдырды.
“Қонаев пен Рысқұлов қиылысындағы жолайрық. Әйтеновке міндетті түрде сәлем айтыңыз. Ал құрылысшыларға орнымнан тұрып қол соғамын. Еске сала кетейін, мұны “Базис-А” компаниясының еншілес ұжымы салды. 7,9 млрд теңге бюджет қаражаты кетті. Егер бүгін қайығыңыз болмаса, айналып өтіңіз”, – деп жазды желі қолданушысы.
Айта кетелік, аталған жолайрықты Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов 25 қазанда салтанатты түрде ашқан болатын.
"Жолайрық Д. Қонаев даңғылымен 1030 метр, Рысқұлов көшесімен 684,7 метр аралығын қамтиды, ені 42 метр. Жол 6 жолақтан тұрады. Көлік өткізу мүмкіндігі тәулігіне 27775-тен 65820-ға ұлғайған", - деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.