Желіде Қызылорда қаласындағы білім ошақтарының директорлары мен ұстаздары сабақ уақыттарында көше тазалауға мәжбүр екені жазылған жазба тарауда. Осыған қатысты қалалық білім бөлімі пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде Қызылорда ұстаздарын көше тазалау шығару туралы жоғарғы жақтан бұйрық келгені туралы жазған мұғалім, өзінің наразылығын жеткізген.
“Мынау не мазақ? Барлық мектеп директорлары мен орынбасарларын жаппай жұмыс уақытында сенбілікке шығарып отыр. “Олжас” жанармай құю бекетінен бастап, шыны заводына дейінгі көше мен барлық үйлердің қабырғаларын әктеп, вороталарын бояп, үй иелеріне мазақ болып жүрміз. Педагог мәртебесі туралы заңымыз қайда қалды?
Әр сенбі, жексенбі күндері мұғалімдер, мектеп директорлары мен орынбасарлары балаларының қасында болуы керек дегендері кайда? Біз балаларға білім береміз бе, әлде әркімнің үй жанын тазалап беру үшін жүрміз бе? Осы мәселені қарастырсаңыздар екен”,- деп жазды ашынған мұғалім.
Opennews.kz мәліметінше, бұл жағдайға қатысты қалалық білім басқармасы пікір білдірген.
"Бүгінгі күні Қызылорда қаласы бойынша тазалық айлығы өтуде, аталған шараларға педагогтер жұмылдырылмаған. Бұл мәселе тұрақты түрде бақылауда болады", - деген сала өкілдері бұл мәселені жоққа шығарып отыр.