$ 494.87  520.65  4.91

«Ақтөбедегі екі адамның өлімі»: Түнгі клуб директоры қамауға алынды

Бұл клубтың лиценциясының күшін жою және оны жабу туралы сотқа талап енгізіледі.

Ақтөбеде қос кісі өлтіру оқиғасы болған түнгі клуб директоры ұсталды, - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті 26 қазанда Ақтөбе қаласындағы түнгі клубтардың бірінде екі адамды өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда. Осы қылмысқа қатысушылардың барлығы ұсталып, соттың қаулысымен тергеу мерзіміне қамауға алынды.

"Қылмысты жасады деген күдікпен барлығы 13 адам ұсталды. Ұсталғандардың басқа қылмыстарға да қатыстылығы тексерілуде. Сонымен қатар осы ауыр қылмыстың жасалғаны туралы айтпағаны және уақытылы медициналық көмек көрсету шараларын қабылдамағаны үшін осы түнгі клубтың директоры ұсталды", - делінген полиция дерегінде.

Бұл клубтың лиценциясының күшін жою және оны жабу туралы сотқа талап енгізіледі.

"Қылмыстық істі тергеп-тексеру аясында алдағы уақытта полиция департаментінің бастамасымен барлық көңіл көтеру орындары азаматтардың қауіпсіздігі талаптарының сақталуына, лицензиясы бар күзет субъектілерінің тартылуына тексеріледі. Қылмыстық істің тергелу барысы туралы ақпарат қоғамға қадағалау органымен келісім бойынша ұсынылатын болады", - деп қосты полиция.

Еске салайық, 26 қазанда Елек өзенінің жағасында, Нокина көшесінің бойындағы "Оазис" монша кешенінен алыс емес жерде зорлықпен өлім белгілері бар екі ер адамның мәйіті табылған. Кейін кейбір Telegram арналарында бір топ жігіттің екі жігітті аяусыз соққыға жыққаны түсірілген видео пайда болды. Видеолардың бірінде қылмыс Ақтөбеде, ойын-сауық мекемелерінің бірінде болғаны туралы айтылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары