Қытайдың белгілі өнерпазы, қазақ қызы Риза Әлімжанқызы ҚХР-дың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапаты – Flying Apsaras сыйлығына ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz The Paper ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Риза Әлімжанқызы «Minning Town» телехикаясындағы рөлі үшін «Үздік актриса» аталымында топ жарды.
Аталмыш телехикая өткен жылы қаңтар айында Қытайдағы көрермені ең көп бес телеарнада қатар көрсетіліп, жұрт өте жоғары бағалаған еді. Оған Қытайдың Нинся дүнген автономиялық регионының Сихайгу аймағындағы ауыл тұрғындарының кедейлікпен күресі арқау болады. Телехикаяда Риза қазымыр әкенің қатал үкіміне мойын ұсынбай, тағдырын өз қолына алған қайсар қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сомдап, актерлік шеберлігімен көрермендерді тәнті етеді.
«Мен бақытты һәм талайлы жан екенмін. Қазылар алқасына, еңбегімді бағалаған көрермендерге мың алғыс. Өздеріңізге ана тілімде алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер, рақмет!» деді қазақ қызы Flying Apsaras сыйлығы табысталған сәтте.
Риза Әлімжанқызы 1986 жылы шілдеде Бейжіңде туған. Өнер жолын орта мектепте әуесқой модель болудан бастаған, 2002 жылы Бейжің кинематография институтын бітіріп, актерлікке ден қойған.