04.11.2022, 09:20

Орал тұрғынының терісінен паразит құрт шықты

Фото: ашық дереккөз
Мамандар бұрын бұл ауруға тек жануарлар шалдықса, кейінгі уақытта адамдар арасында да жиі тіркеліп жатқанын айтады.

Орал тұрғынынан дирофиляриоз паразиті табылды. Бұл туралы БҚО Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД" басылымы.

Ведомство мәліметінше, бұл биыл облыста анықталған алғашқы жағдай.

Мамандар бұрын бұл ауруға тек жануарлар шалдықса, кейінгі уақытта адамдар арасында да жиі тіркеліп жатқанын айтады. Инфекция қан арқылы жұғады.

"Ауру көбінесе маса, бүрге, сона және қансорғыш жәндіктердің шағуы арқылы жұғады. Ал инфекция көзі үй жануарлары. Жануарлардың денесінде ересек дирофиляриялар паразиттік жолмен тіршілік етеді. Жәндік жануарларды шаққанда шыққан кейбір паразиттер келесі азғаның қанына енеді. Дирофиляриоз жануардан жануарға және адамға осылай жұғады", - деп түсіндірді БҚО эпидемиологтары.

Инкубациялық кезең бір айдан бірнеше жылға дейін созылады. Дирофиляриоз барлық жастағы адамға әсер етуі мүмкін, бірақ ең үлкен қауіп тобындағылар:

- иттер мен мысық асыраушылар; - ашық су объектілерінің жанында тұратын адамдар; - табиғатқа жиі шығатын адамдар - аңшылар, туристер, бағбандар, балықшылар.

Дирофилярияның белгісі - тері астындағы түйіннің, ісіктің немесе индурацияның ішіндегі тірі паразиттің жорғалауы және қозуы. Гельминт уақтылы жойылмаса, оның локализациясы орнында абсцесс пайда болуы мүмкін.

Дәрігерлер репелленттерді, терезелерге арналған торларды, қорғаныш киімдерін қолдануға және үй жануарларын профилактикалық тексерістен өткізуге кеңес береді.

Теріңізге түсініксіз жаралар шығып, қатты қышыған, ауырсынған жағдайда дереу дәрігерге көрінуіңіз қажет.

Тегтер: Орал паразит