07.11.2022, 21:25

Түркістанда қорадан жасөспірімнің денесі табылды

Төлебилік тергеушілер жасөспірімнің жақындарынан, мектеп ұжымы мен оқушылардан жауап алуда.

Түркістан облысында жасөспірім қорада жіпке асылып тұрған жерінен табылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Мәліметті Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

5 қарашада Төлеби аудандық полиция бөліміне жедел жәрдемнен жасөспірімнің өз үйінің ауласындағы мал қорада жіпке асылып қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түскен.

"Ақпарат алысымен полицейлер бірден оқиға орнына барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Сырттай қарау барысында мәйітте зорлық-зомбылық белгілері не болмаса басқа да дене жарақаттары табылмады. Ал өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды", – делінген полиция ақпаратында.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.

Төлебилік тергеушілер жасөспірімнің жақындарынан, мектеп ұжымы мен оқушылардан жауап алуда. Мектептегі бейнебақылау камералары мұқият тексеріліп жатыр. Сонымен қатар қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатқаны айтылды.