Қазақ әншісі Димаш Құдайберген әлемнің ең ықпалды 500 мұсылманы тізіміне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Instagram-дағы DimashNews парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, жылына бір рет шығатын «The Muslim 500» басылымына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, «Әл-Азһар» университетінің Бас имамы Шейх Ахмед ат-Тайебпен қатар, алғаш рет Димаш Құдайбергеннің есімі жазылды.
Жалпы, басылым жылына бір рет мұсылман әлеміне айтарлықтай ықпалы бар мәдениет, идеология, қаржы, саясат және басқа да билік саласындағы әлемдегі ең ықпалды 500 адамды анықтап отырады.
«Димаш (Құдайберген Дінмұхаммед Қанатұлы) — әнші, көптеген әннің авторы және бастан сопраноға дейін кең вокалды диапазоны бар мульти-инструменталист. Ол Қытайдағы беделді әншілер шоуынан кейін бірден танымал болып, Қытайда, Ресейде және туған жері Қазақстанда барлық ірі әншілерге арналған сыйлықтарға ие болды, танымалдығы арта түсті. Ол елінде қайырымдылық ісімен де танымал. Туған қаласы Ақтөбеде таяуда оның атына арналған музей құрылғаны жарияланды», - деп жазады басылым.