Петропавлдағы «Жұмысшы» кентінде жеңіл көлік аялдамаға соғылып, төрт адам ауыр жарақаттанды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік апаты «Жұмысшы» кентіндегі Панфилов көшесінде сағат 14.20 шамасында болған. ВАЗ-2108 көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған. Машина адамдар тұрған аялдамаға соғылды.
«Көліктің рулінде 23 жастағы жігіт болған. Медициналық куәландыру оның спирттік ішімдік ішпегенін көрсетті. Жол-көлік оқиғасына қатысты жиналған материал әрі қарай анықталып, процессуалдық шешім қабылдануы үшін Петропавл қалалық полицияның әкімшілік бөліміне берілді», – деді баспасөз қызметіндегілер.
Зардап шеккен 4 адамның үшеуі – кәмелет жасына толмаған бала. Барлығын жедел жәрдем қызметі облыс орталығындағы емдеу мекемелеріне жеткізді. СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің бірі – 43 жастағы Петропавл тұрғыны. Әйелдің аяғы сынып, бас сүйек-миы зақымданған, миы шайқалған. Зардап шегуші қалалық көпсалалы ауруханаға жатқызылды. Ал, 7 жасар егіздер облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті, олардың ішіне зақым келген. 12 жастағы баланың да ішіне зақым келіп, санын жарақаттап алған. Ол да жансақтау бөлімінде жатыр.
ҚазАқпарат