Шымкент қаласында бес жігіт кәмелет жасқа толмаған қызды зорлады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желідегі видеода 15 жастағы қыздың өкілі бес жігіт қылмысты қалай жасағанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, жасөспірімді лоджияда қамап қойған. Кейін үйдің иесі оны асүйге кіргізіп, зорлаған. Одан кейін достары кезек-кезек кірген.
Шымкент қалалық полиция департаментінің ақпаратқа сәйкес, бұл қылмыс Абай ауданында тіркелген. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 3-бөлігі ("Зорлау, адамдар тобымен жасалған әрекет") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетері, осы қылмыс үшін тоғыз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.