Ақмолада көлік салонынан ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 05.53-те Көкшетау қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына Әуезов – Подгорная көшелерінің қиылысында Красный Яр бағытында автобус аялдамасына соқтығысқан Mercedes автокөлігінің жанып жатқаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу келіп, өртті сөндіру барысында көлік салонынан ер адамның күйіп кеткен мәйіті табылды. Полиция басқармасы осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, қаза тапқан ер адамның жеке басы анықталуда.