$ 494.87  520.65  4.91

Шығыс Қазақстанда тұрғындар 12 жасар қыздың зорланғанын хабарлады

Әкесі үнемі мас, үйіне неше түрлі еркектерді алып келеді, ешкім тексермейді. 30 жастағы ер адам зорлап, ештеңе болмағандай бостандықта жүр.

Шығыс Қазақстан облысында 12 жасар қызды зорлады деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

12 қарашада Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында болды делінген оқиғаны осы елдімекеннің тұрғындары хабарлады. Тұрғындар"NeMolchiKZ" қоғамдық қорына хат жазған. Олардың айтуынша, қыз ішімдікке салынған әкесімен бірге тұрады, ал анасы қайтыс болған.

"Қыз әкесімен тұрады. Әкесі үнемі мас, үйіне неше түрлі еркектерді алып келеді, ешкім тексермейді. Қамқоршылық органдары мен әкімдік хабардар, бірақ ештеңе істемейді. Қыз өте ақылды, тәрбиелі. Оны үш күн бұрын 30 жастағы ер адам зорлап, ештеңе болмағандай бостандықта жүр. Баланың өмірін құртты", - деп жазады ауыл тұрғындары.
Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғаны ауыл тұрғындарының барлығы біледі, оның ішінде мектеп өкілдері мен полиция қызметкерлері де бар.
"Қызды Алматыға жібергісі келеді, оқиға туралы ешкім ештеңе білмегенін қалайды, өйткені жоғары жақтан ешкім бұған жауапты болғысы келмейді. Осы хабарды таратуға, жариялауға көмектесулеріңізді сұраймыз. Осы педофил өз ісіне жауап берсін, өйткені, ол бір күні тағы біреуді зорлайды", – дейді Тұғыл ауылының тұрғындары.
Сондай-ақ олар зардап шеккен қыздың әкесі қызының жәрдемақысына өмір сүріп жатқанын, алайда ауыл тұрғындарының көбі отбасына азық-түлікпен көмектесіп жүретінін айтады.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"Ағымдағы жылдың 12 қарашасында Тарбағатай аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізілуде. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды", - деп түсіндірді ШҚО ДП баспасөз қызметі.
Сондай-ақ департамент сотқа дейінгі тергеу деректері құпия екенін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары