Ресейлік блогер Алекс Лесли Қазақстанға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, өзінің Қазақстанға келе жатқанын хабарлады.
Өзінің инстаграмдағы парақшасына Алматыға ұшып шыққанын айтып, видео жүктеді.
«Маған тыйым салынғаны туралы айтылған ақпараттың барлығы жалған. Көріп тұрғандарыңыздай Алматыға жол тарттым. Қазір ұшақтың ішіндемін. Маған тыйым салынса ұшаққа міне алмас едім», - дейді Алекс Лесли инстаграмдағы видеосында.
«Әйелдерің мен қыздарыңа ие болыңдар, 6 сағаттан кейін Алматыда боламын. Барлық қазақтың қыздары біздікі», - деген жағымсыз пікір білдірген.
Естеріңізде болса, Алматы полиция департаменті ресейлік пикапер Александр Кирилловқа Қазақстанға бір жылға кіруге тыйым салынғанын хабарлаған болатын.
Ол Ресейде мобилизация болып жатқанда, біз Қазақстандағы келіншектерді аулауға барамыз деп пікір айтып, қазақтардың намысына тиген.
Алекс Лесли лақап атымен танымал блогердің Алматыға келе жатқаны рас па, өтірік пе белгісіз. Блогер қазақтарды ашуландыру үшін өтірік хайп жасауы да мүмкін.
Аталған ақпаратқа Алматы полиция департаменті түсінік берген жоқ.