Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының В тобында Англия құрамасы Иранды тас-талқан етті.
Ойын ирандықтарға сәтсіз басталды. Қақпашы Әлиреза Бейранванд өз қорғаушысымен соқтығысып, жарақат алып қалды. Осылайша, голкипер 20-минутта алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Ал англиялық команда матчтің бірінші таймында үш гол соғып тастады. 35-минутта Джуд Беллингем есеп ашты. 43-минутта Букайо Сака есепті еселеді. Араға бірнеше минут салып, Рахим Стерлинг оң жақ қанаттан асырылған допты қақпаға дәл бағыттады.
Үзілістен кейін де футболшылар гол соғуын жалғастырды. 62-минутта Сака дубль авторы атанса, үш минуттан соң Мехди Тареми есеп айырмасын қысқарта алды.
70-минутта алаңға шыққан Маркус Рэшфорд 41 секундтан кейін қанжығасын майлады. Ал матч соңына қарай Джек Грилиш те көзге түсті.
Ал матч нүктесін ирандықтар қойды. Кездесудің соңғы минуттарында бас төреші Англия қақпасына пенальти белгілеп, Тареми нүктеден мүлт кетпеді. Қорытынды есеп - 6:2.
Осылайша, Англия құрамасы В тобында көш бастады. Иран соңғы орында тұр. Ал В тобындағы екінші матч түнгі 1:00-де АҚШ пен Уэльс құрамалары арасында өтеді.
Англия құрамасы әлем чемпионатындағы келесі матчін 25 қарашада АҚШ-қарсы өткізеді. Ал Иран сол күні Уэльспен күш сынасады.
massaget.kz