Алматы облысы Бесағаш ауылында елу отбасы көшесіз қалып, үйлеріне жету үшін айналып өтуге мәжбүр. Өйткені, тұрғындар өтіп жүрген көшенің иесі табылып, қоршап алған, - деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасы. Енді ауыл тұрғындарының бүкіл ауылды аралаудан басқа амалы жоқ. Ал көлігі жоқтар батпақтан, жолсыз жолмен сағаттап жүруге мәжбүр. "Мына қақпаны қойды, ешкімді өткізбейді. Ал жақында осында үй саламын деді, енді не істейміз?" - деп Бесағаш ауылының тұрғындары. Тұрғындардың айтуынша, әкімдіктен жер алғанда жауаптылар картадан көшені нұсқап тұрып, жолды көрсеткен екен. Кейін 1,5 гектар жердің иесі табылып, көшені қоршап алған. Амалсыз қалған ауыл адамдары енді көлігін ауыл сыртына тастап, өздері өзенді кесіп өтіп жүр. Ал жергілікті билік мәселені шеше алмайтындарын айтып, ақталған. "Қазір осы жерде екі адамның жері бар. Біз әкімдік өкілдерін шақырдық, бірақ бұл кісілер заңды түрде сатып алған. Көлікті жолдың арғы жағына тастаймыз, өзеннен бері қарай жаяу өтеміз. Адам өтетін көпір салып алдық", - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Әлішер Әукенбаев. Тұрғындар ағашы сынып, темірінің тозығы жеткен өткелден өтуге мәжбүр болып жүр. Көпірдің арғы бетіне көлігін тастап жүрген жұрт тонаушылардың да дәуірі жүріп тұрғанын айтады. Екі күннің бірінде терезесін шағып, бөлшектерін ұрлап кететін көрінеді. "Осы жерді алдық, өйткені басқа мүмкіндігіміз болмады. Мысалы пәтер сатып ала-алмаймыз. Оған ақшамыз жетпейді. Жерді 2-3 миллионға алдық, қуанып үй салдық", - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Сырым Әділғазин. Ал жергілікті билік "біз де шарасызбыз" деп шағымданған жұртқа жауап бере алмаған. Өйткені көшені қоршап алған азаматтың заң тұрғысынан құқығы бар екен. "Біз жер иесінің ресми өкілі Ринатқа барлық нұсқаларды көрсеттік. Бізге екі метр жер берсеңіз, сізге дәл сол маңнан басқа жер телімін бөліп берейік дедік, келіспеді. Жер қатынастары мамандары келді өлшеді, тексерді. Оның гос актісі бар, заңды. Бірақ ол жерге нақты не салатынын айтпады", - деді Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Рамазанов.