Талғар қаласында №3 орта мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламадан кейін ғимараттан мыңнан аса адам эвакуацияланды.
"Кейбір оқушылар күртешелерін киіп үлгермеді. Сыныптарда сөмкелер мен заттар қалды. Ата-аналарға балаларын алып кету үшін хабарламалар жіберілді. Дереккөздер бомба туралы жалған ақпарат тарағанын айтады. Әзірге билік ресми түсініктеме берген жоқ", - делінген kris_p_talgar Instagram парақшасында.
Облыстық ПД белгісіз біреу мектептің электронды поштасына білім ордасына жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлама жолдаған.
"23 қарашада сағат 14:45-те Алматы облыстық Полиция департаментінің кезекші бөліміне Талғар қаласы №3 орта мектебіне бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Соған байланысты аталған орта мектептен 1000 оқушы, 90 мұғалім және 25 техникалық персонал эвакуацияланды", - деп көрсетті Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Tengrinews.kz