Сенат шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша заң жобасын қабылдады. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заң бойынша Салық колексіне өзгеріс енгізіледі. Оған сәйкес, Қазақстанға 1 қыркүйекке дейін кірген шетелдік көліктерді бірыңғай алыммен тіркеп, заңдастыруға болады. Оның көлемі – 200 мың теңге.
"2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегені үшін бірыңғай алымды белгілеу 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасайды, сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көлік құралдарына салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады", - деді сенатор Ғұмар Дүйсембаев сенаттың жалпы отырысында.
Айта кетері, бұған дейін ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеу шаралары қашан басталатынын хабарлаған болатын.