$ 494.87  520.65  4.91

Петропавл әкімдігі 32 млн теңгеге аялдама сатып алмақ

Аялдама жылу батареялары, кондиционер, орындық, энергия үнемдейтін шамдар және қоқыс жәшіктерімен жабдықталуы шарт.

Петропавл қалалық әкімдігі 32 миллион теңгеден астам қаржыға екі аялдама сатып алмақ. 15 қараша күні мемлекеттік сатып алу сайтында осындай байқау жарияланды. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі. Талап бойынша жабық аялдамалар жазда желдетіліп, қыста жылытылады. Мұндай бағаға Қызылжарда бірнеше пәтер сатып алуға болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған талаптарға сай павильонның жалпы ауданы кемінде 41 шаршы метр болуы шарт және 43 шаршы метрден аспауы керек. Нысан үш бөлмеден тұрады. Оның ішінде екеуі жылытылады және біреуі жазғы. Аялдама жылу батареялары, кондиционер, орындық, энергия үнемдейтін шамдар және қоқыс жәшіктерімен жабдықталуы шарт. Жоспардағы нысандардың әрқайсысы бір мезетте 30 адамнан сыйдыра алады.

Ал төбесі металл жабынмен қапталады. Еденге керамикалық плиткалар төселмек. Есік-терезесі пластиктан жасалады. Жаңа аялдамалар орнатылатын аудан да белгіленіп қойған. Олардың тұратын орны да белгілі. Бірі 20-шы шағын аудандағы сауда ортылақтырының бірінің жанында және екіншісі «Берекедегі» Назарбаев Зияткерлік мектебінің жанынан орын теппек.

Әкімдік өкілдері аялдама бағасының қымбаттығын құрылыс материалдары құнының көтерілуімен түсіндірді. Бұл бағаға аялдаманы салу, орнату қызметі енеді.

«Қазір нарықтағы баға осындай. Құрылыс материалдарының құны арзан емес. Баға соған байланысты белгіленді. Аялдама – заман талаптарына сай нысан болмақ. Жарияланған байқау 8–ші желтоқсанға дейін жалғасады. Жеңімпаз тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тапсырысымен аялдама салады», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Қалада бұл талапқа сай келетін екі аялдама бар. Аталған нысандардың екеуі де жекенің қолында. Алайда қалалық әкімдік өкілдері жарияланған байқаудың аталған павильондарға қатысы жоқ екенін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары