Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды және Абай облыстарында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар жолдардың учаскелерінде көлік қозғалысы шектелді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәліметіне қарағанда, 18:30-дан бастап Абай облысында «Алматы-Өскемен» тасжолының Жетісу облысының шекарасынан Аягөз қаласына дейінгі аралығы, Аягөзден Қалбатау ауылына дейінгі, Қалбатаудан ШҚО шекарасына дейінгі учаскесі, «Таскескен-Бақты» жолының 0-184 шақырым аралығы жабылды.
Сонымен қатар Жетісу облысында «Алматы-Өскемен» жолының Үшарал қаласынан Абай облысы шекарасына дейінгі аралығы, Шығыс Қазақстан облысында «Алматы-Өскемен» автожолының Абай облысы шекарасынан Қасым Қайсенов ауылына дейінгі аралығында жол жабылды.
«Өскемен-Шемонаиха-Ресей шекарасы» жолының 105-123 шақырым аралығында мен сағат 19.00-ден бастап «Қарағанды-Балқаш» тасжолында жүк және қоғамдық көлік үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.