Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының А тобында Сенегал құрамасы Қатардан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алғашқы турда Қатар құрамасы Эквадорға, Сенегал Нидерландқа 0:2 есебімен жол берді.
Сондықтан бүгінгі кездесудің екі құрама үшін де маңызы ерекше болатын. Бұл жолы сенегалдық футболшылар сауатты ойын өрнегін көрсете білді.
Бірінші кезеңнің 41-минутында сенегалдық Булайе Диа мергендігімен көзге түссе, 48-минутта Фамара Дьедиу есепті үстемелей түсті.
Қатарлық құрама сапынан Мохаммед Мунтари 78-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша ол өз құрамасының әлем чемпионаты финалдық сатысындағы тұңғыш голының авторы атанды.
Бұдан кейін сенегалдық Бамба Дьенг 84-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша Сенегал құрамасы Қатардан 3:1 есебімен басым түсті.