$ 498.34  519.72  4.85

Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан президенті куәлігін табыс етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Кезектен тыс президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.

Инаугурация өтетін залға Қазақстанның мемлекеттік туы мен президент байрағы, сондай-ақ, Конституция салтанатты түрде әкелінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын Конституцияға қойып: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының

Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан республикасы президентінің өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп мемлекеттік тілде Қазақстан халқына ант берді.

Ант бергеннен кейін президент мемлекеттік туды сүйді. Содан соң мемлекеттік әнұран орындалды. Әнұран орындалып жатқан уақытта сырттағы зеңбіректерден оқ атылды. Қазақстан президенті ант берген сәттен бастап ресми түрде қызметіне кіріседі.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан президенті куәлігін табыс етті.

Ант беру рәсіміне парламент депутаттары, үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Президенттің инаугурациясына шет мемлекеттердің басшылары шақырылған жоқ. Салтанатты шараға Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус қана қатысты.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары