Бұл туралы ұлықтау рәсімінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. «Мемлекеттік құрылымда біз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын қатаң ұстанамыз. Президент сайлауы биліктің барлық негізгі институтын дәйекті қалпына келтіру процесін бастады. Ол үлкен сайлау циклінің бірінші кезеңі болды», - деді Тоқаев.
Ол саяси жаңғыртудың жүйелі үдерісі жалғастыратынын атап өтті. Бүгін өзі «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа да қол қойғанын айтты.
«Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конституциялық реформаны іс жүзінде жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Олардың қорытындысы бойынша бәсекелестік пен жариялылық қағидаттары негізінде Сенат депутаттарының бір бөлігі жаңарады. Сонымен қатар, бүгін конституциялық реформаны жүзеге асырудың кезекті қадамы ретінде «Қазақстан Республикасы Жоғарғы есеп палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қоямын. Келесі қадам оның толыққанды трансформациясы болады», - деді ол.